Перейти к содержимому страницы.

Бүгін Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде алғашқы қоңырау соғылып, білім ордасы 700-ден астам оқушыға есігін айқара ашты.  

14-09-2022

Салтанатты жиында білім ордасының жаңадан келген директоры Думан Сапаков жиналған қауымды мерекемен құттықтап, алдағы оқу жылына сәттілік, шығармашылық табыс пен үлкен жетістіктер тіледі. Сөз соңында мектеп басшысы түрлі додаларда жеңіске жеткен оқушыларды марапаттады.
Биыл  мектебімізде NIS зияткерлері қатарына 142 7-сынып оқушылары қосылды. Сонымен қатар педагогикалық құрам жаңадан келген ұстаздармен толықты. Олардың қатарында мектебіміздің түлектері Әсем Қайсар мен Виталий Мартыненко бар. 

- Мен бұл мектепте ең басынан оқыдым, сондықтан барлығы қалай басталғанын жақсы білемін. Қазір мұғалім ретінде осы мектептің бір бөлігі болғанымды мақтан тұтамын. Мектептің дамуына өз үлесімді қоса аламын деп сенемін, - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсем Қайсар.
Алғашқы қоңырауды соғу мәртебесіне Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсу үшін тапсырған емтиханда ең жоғары ұпай жинаған 7 «А» сыныбының оқушысы Арайлым Мұсаханова мен бірқатар білім додаларының жеңімпазы  12 «В» сыныбының оқушысы Ахмет Шайман ие болды. 
Салтанатты жиыннан соң шаралар легі сынып сағатымен жалғасты. 
Жаңа оқу жылында барша оқушылар мен ұстаздар қауымына сәттілік, жағымды жаңалықтар мен табыстар тілейміз!