Виртуалды мектеп оқушылары сертификат алды
02-02-2022
Қысқы демалыс кезеңінде аймақтың жалпы білім беру мектептерінің оқушылары Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алды.
Айта кетерлігі, 2021 жылдың 11 қазанынан бастап Назарбаев Зияткерлік мектебінің vs.nis.edu.kz сайтында виртуалды мектепке қатысушыларды тіркеу жүргізілген болатын. Виртуалды мектепке жазылған аймақтағы білім ошақтарының оқушылары «Математика», «Жаратылыстану», «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі» пәндері бойынша білім алып, арнайы тапсырмаларды орындады. Оқушыларға тапсырмаларды өздеріне ыңғайлы уақытта орындау мүмкіндігі ұсынылды.
Осыдан кейін жасөспірімдер шешуші қорытынды тестілеуге қатысты. Соның нәтижесінде, тиісті балл жинаған оқушылар Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қысқы мерзімді оқуға шақырылды. 3 күнге созылған сабақ кезеңінде Павлодар NIS ұстаздары сәуір айында болатын конкурстық іріктеуден өтуге қажетті барлық дағдыларды үйретті.
Айта кетерлігі, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің виртуалды және демалыс мектептері – қала және ауыл мектептерінің оқушылары үшін конкурстық іріктеуге тегін дайындалуға тамаша мүмкіндік. 3 күндік оқудан кейін каникулярлық мектеп оқушыларына сертификаттар табысталды.
- «Балаларымызға осындай мүмкіндік беріп, қолдап жатқандарыңызға сіздерге көптен-көп рахмет. Балам өте қуанышты. «Көптеген жаңалықтар аштым, көп нәрсе үйрендім, әрі мектептің ішімен танысып, қызығушылығым артты», дейді. Алдағы уақытты сәтін салып осы мектепке түссек деген арманымыз бар. Сіздермен әлі қауышамыз деген үміттеміз.
Жұмыстарыңызға улкен жемістер мен шәкірттеріңіздің биіктен көрінуіне тілектеспін. Көп рахмет,- деп қаламыздағы №22 мектептің оқушысы Асанали Кенжебайдың анасы өз ойымен бөлісті.